«Урал Ойл энд Газ» ЖШС хабарлайды: «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма Төрағасы Асхат Хасенов Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Рожков кен орнын абаттандыру және игеру жобасының іске асырылу барысымен танысты.
Сапар барысында ҚМГ басшылығына УОГ-тың негізгі өндірістік нысандары – ұңғымалар алаңдары, сондай-ақ жинау және тарату станциялары көрсетілді. Бүгінгі таңда компания барлық қолданыстағы ұңғымаларда жалпы құрылыс және құрастыру жұмыстарын аяқтады, 17,8 шақырым негізгі құбыр желісі мен ысырма тораптары салынды, сондай-ақ жинау және тарату станцияларындағы жұмыстарды толық аяқтады. Жобалық жабдықта іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде.
Сол күні А. Хасенов пен УОГ басшылығының қатысуымен 2026 жылға арналған жоспарлар мен 2030 жылға дейінгі стратегиялық даму бағыттарына, сондай-ақ ағымдағы өндірістік нәтижелерге арналған кеңес өтті. «КМГ Инжиниринг» ЖШС Рожков кен орнын дамытудың 2-фазасының жұмыс жобасын әзірлеуге кірісті. Бұл қолданыстағы ұңғымалар қорын ұлғайтуға және шикі газ өндіруді тәулігіне 2 млн м³-ке дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
2025 жылдың 11 айында «Урал Ойл энд Газ» ЖШС 312 мың тонна конденсат және 425,1 млн м³ шикі газ өндірді. Жылдық жоспар тиісінше 351 мың тонна конденсат және 526,5 млн м³ газды құрайды. Сонымен қатар, УОГ ай сайын шамамен 6 мың тонна сұйытылған көмірсутек газын өндіруге қажетті шикізатпен қамтамасыз етіп отыр.
Кездесу қорытындысы бойынша «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басшылығы Рожковское кен орнын аббаттандыру және игерудің келесі кезеңдерін уақытылы және сапалы орындаудың, сондай-ақ өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізудің маңыздылығын атап өтті.