«Урал Ойл энд Газ» ЖШС-ның бас директоры болып Болат Досмұхамбетов тағайындалды. 2025 жылғы 30 маусымда компанияның жаңа басшысы ұжымға ресми түрде таныстырылды. Бұл рәсімді «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Бекзат Абайылданов өткізді.
Болат Досмұхамбетов – мұнай-газ саласында кәсіби білімі мен мол тәжірибесі бар маман. Ол Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін «Мұнай және газ геологиясы» мамандығы бойынша тәмамдап, кейін Франциядағы L’Institut National Polytechnique de Lorraine оқу орнында геология ғылымдары және кен орындарын игеру саласы бойынша магистр дәрежесін алған. Бұдан бөлек, KazGUU Business School және University of Business and International Studies (Швейцария) оқу орындарында MBA бағдарламасын аяқтаған.
Еңбек жолында Болат Досмұхамбетов халықаралық және ұлттық мұнай-газ компанияларында түрлі қызметтер атқарған. Атап айтқанда, Weatherford компаниясында инженер-геофизик, Total S.A. құрамында геолог болып еңбек еткен. Сонымен қатар, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, KMG Kashagan B.V., CMOC B.V. құрылымдарында басқарушы лауазымдарда және «Исатай Оперейтинг» ЖШС-нің бас директоры болған.
Саладағы сіңірген еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» ведомстволық медалімен марапатталған. 2019 жылдан бері Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі.
«Урал Ойл энд Газ» ЖШС ұжымы жаңа басшыны жылы қабылдап, оның жетекшілігімен компанияның табысты дамитынына сенім білдіреді.